– Бүгін алаңға шыққан жігіттердің барлығы қал-қадірінше өз шеберліктерін көрсетті. Оларға еш өкпем жоқ, тек алғыс айтқым келеді. Бұл кеште жеңіске жететін сәттер де көп болды. Алайда, жеңіліп қалуымыз да әбден мүмкін еді. Әттең, жігіттер жүйкені тоздырмай, берілген тапсырманы толықтай орындағанда жағдай басқаша болар еді.
– Бүгін құрамаға тәжірибелі төрт-бес ойыншымыз көмектесе алмады. Осы құраммен Генрих Мхитарян секілді футболшысы бар командаға қарсы тұру қаншалықты қиынға соқты?
– Тәжірибелі футболшылардың бізге көмектесе алмағаны өкінішті-ақ. Әйткенмен алаңға шыққан жігіттер өз елі үшін сынға түсті. Алдағы уақытта осылар құраманың негізгі футболшысы болатынына сенімім мол. Ал түрлі себептермен келмеген ойыншылар өздерінің мықтылығын қайта дәлелдеу керек. Бәсекелестік бар жерде нәтиже жоғары болатынын ұмытпауымыз керек. Менің түсінігімде құрамаға тек жаны ашитын, шын патриот футболшылар ғана келу керек.
– Құрамамыз бірінші кезеңде – 5-3-2, ал екінші кезеңде – 4-4-2 үлгісінде өнер көрсетті. Мұның сыры неде?
– Алғашқы 45 минутта бізде бірнеше мүмкіндіктер болды. Нұрғалиев қақпашымен жекедара шығып, өз мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Егер де гол салғанымызда, сценарий басқаша болар еді. Әйткенмен, «сен салмасаң, саған салады» деген қағиданың кебін тарттық. Бізге қауіп төндірген шабуылдардың басым бөлігі қапталдардан келіп жатты. Нәтижесінде, бірінші кезеңде бір гол жіберіп алдық. Қапталдағы қорғаушылар өз жұмыстарын ойдағыдай атқара алмағаннан кейін, келесі жоспарымызға көшуге мәжбүр болдық.
– Іріктеу кезеңі аяқталды. Үш ұпай еншіледік. Осы нәтижеге көңіліңіз тола ма? Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне лайықпын деп ойлайсыз ба?
– Бұл сұрағыңызға жауап бермей-ақ қояйын (Жаттықтырушының жауабына көңілі толмаған журналист залдан шығып кетті – автор).
– Қарсылас командаға көбірек шабуылдау үшін Хижниченкодан бөлек Щеткинді де шығару керек пе еді, қалай ойлайсыз?
– Жоспарымызда осындай тактика болған. Алайда, ойын соңына таман қарсыластарымыз алаңның орта тұсынан жиі шабуылдай бастағаннан кейін, біз ештеңені өзгерткіміз келмеді.
– Алдағы іріктеу кезеңінде қандай жоспарыңыз бар?
– Бұл сұрағыңызға бір аптадан кейін жауап берейін. Келесі аптада футбол федерациясының басшыларымен кездесіп, жоспарымызды айқындап аламыз деп ойлаймын.
– Алғаш келгендегі жоспарыңыз бойынша командаға жас футболшыларды тарта алдыңыз ба?
– Жастар құрамасының күнтізбесі құрама ойындарымен сәйкес келгендіктен, жастарға қолқа сала қоймадық. Олардың топтан шығуға мүмкіндігі жоғары. Сондықтан, бұл жолы жастарды шақырғанымыз жоқ. Біз жастар құрамасынан бес-алты жас футболшыны бақылап жүрміз. Егер де келер маусымда өз клубтарында негізгі құрамда ойнаса, онда олар міндетті түрде құрамаға шақырылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Арменияны құрамасын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті.
Алмас МАНАП,
"Егемен Қазақстан"